Футболдан Қазақстан чемпионатының 20-шы тур ойындарының нәтижелері

АСТАНА. Тамыздың 24-і. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Кеше футболдан Премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионатының 20-шы тур ойындары өтті.


Бұл турда орталық кездесу Қарағандыда жергілікті «Шахтер» мен Қостанайдың «Тобыл» командалары арасында болды. Ойын 1:1 есебімен тең аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Осы турдан кейін «Шахтер» 19 кездесуде 39  ұпай жинап екінші орынға орнықты. Көш басында 42 ұпаймен Астананың «Локомотив» командасы тұр. Елордалықтар 20-шы турда «Таразды» қабылдап, 4:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл турдағы қалған ойындардың нәтижелері мынадай: «Жетісу»-«Атырау» 2:1, «Ертіс»-«Ордабасы» 1:2, «Қайсар»-«Восток» 0:2, «Қазақмыс»-«Оқжетпес» 1:4.

Бүгін 20-шы турдың тағы бір кездесуі өтеді. Өткен маусымдағы ел чемпионы - «Ақтөбе» Петропавлдың «Қызылжарын» қабылдайды. Ақтөбеліктер қазір 15 ойыннан соң 37 ұпаймен турнир кестесінің 3-інші сатысында келеді. Олардың резервінде әлі 4 кездесу барын ескерсек, оның қорытындысы бойынша «Ақтөбенің» көш басына шығуға мүмкіндігі аса жоғары.