Алаң иелері матчты жылдам қарқында бастады. Алғашқы он минут ішінде Азат Нұрғалиев пен Бауыржан Тұрысбек қарсылас қақпашысын іске қосты. Астаналықтар да жауапсыз қалмады. Роман Мұртазаев пен Владислав Прокопенко соққы жасады. Екі сәтте де «Тобыл» қақпашысы Сұлтан Бусурманов шеберлік танытты.
Екінші тайм басында алаң иелері қос қапталдың басымдығын жиі пайдаланды. Әсіресе, Максим Федин мен Дмитрий Мирошниченконың белсенділігін атай кеткен жөн. Жылдам шабуылдар жемісін берді. «Тобылдың жүйрігі» Максим Федин өз қапталынан суырылып шығып, Азат Нұрғалиевке пас берді. Тәжірибелі капитан қателеспеді. 1:0!
«Астана» ойыншылары қанша тырысқандарымен қостанайлықтардың қорғанысын бұза алмады.
Сонымен, «Тобыл» футболдан Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды.
«Қостанай жұрты бұл жеңісті көп күтті. Чемпионат аяқталмай жатып үшінші орынға қол жеткіздік. Клуб басшылығының маған қойған тапсырмасы осы еді», - деді қостанайлық команданың бас бапкері Марек Зуб ойынды қорытындылап.
Фото/fctobol.kz