Үшінші турдың алғашқы ойыны Павлодар қаласында өтті. Жергілікті «Ертіс» Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады. Бүгінгі кездесуде екі команда да тең деңгейде ойын көрсетті. Кездесу тағдырын 91-минутта «Қайсардың» жартылай қорғаушысы Мақсат Байжанов соққан жалғыз гол шешіп, қызылордалық клуб биылғы доп додасындағы алғашқы жеңісіне қол жеткізді.
Биыл Премьер-лигаға қайта оралған «Тараз» командасы да алғашқы екі турдағы сәтсіздіктен кейін жеңіске жетті. Бұл жолы олар өз алаңында «Атырау» командасынан 2:0 есебімен басым түсті. Тараздықтар қатарынан Элгуджа Лобжанидже 71, Серж Ньюадзи 78-минутта қарсылас команда қақпасынан саңылау тапты.
Елорданың «Астана» клубы қатарынан үшінші мәрте жеңіске жетті. Елордалық футболшылар сапынан 26-минутта Марин Аничич есеп ашса, 58-минутта оның әріптесі Дорин Ротариу есепті ұлғайтты. Ойында «Астана» 2:0 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесінде жеке-дара көш басына шықты.
Үшінші турдың қалған ойындары 31 наурызда ойналады. Бұл күні «Ақтөбе» мен «Қайрат», «Шахтер» мен «Тобыл», «Оқжетпес» пен «Ордабасы» командалары кездеседі.
Ал төртінші тур ойындары 6 және 7 сәуір күндері болады. 6 сәуірде «Тобыл» мен «Ақтөбе», «Ордабасы» мен «Жетісу», «Қайсар» мен «Астана», «Қайрат» пен «Оқжетпес», «Ертіс» пен «Тараз» командалары кездессе, 7 сәуірде «Атырау» мен «Шахтер» клубтары шеберлік байқасады.