Елордалық «Астана» жарыс жолынан шығып қалды. Олар сырт алаңда Семейдің «Алтай» командасына жол берді. Айта кетерлігі, бұл кездесуде елордалық клуб сапында негізінен жастар ойын көрсетті. Кездесудің негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталды. «Астана» сапынан 25-минутта Серікжан Мужиков есеп ашқан еді. Оған 66-минутта «Алтай» ойыншысы Әнуар Омашев бір голмен жауап қайырды. Ойын қосымша кезеңге ұласты. Мұнда да жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти тебуде «Алтай» 15:14 есебімен жеңіске жетті.
Алматының «Қайраты» да осындай қарсылыққа тап болды. Оларға бірінші лигада ойын көрсететін Ақтаудың «Каспий» командасы қарсылас атанған еді. «Қайрат» сапынан 18-минутта Сұлтанбек Астанов гол соқса, «Каспий» ойыншысы Ринат Хайруллин 58-минутта таразы басын теңестірді. Ойын соңындаы пенальти тебуде 6:5 есебімен алматылық команданың жолы болды.
Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Павлодардың «Ақсу» клубын 3:0 есебімен жеңіп қайтты. Бұл ойында қостанайлықтар қатарынан 49 және 66-минуттарда Бауыржан Тұрысбек, 68-минутта Азат Нұрғалиев гол соқты.
«Ақтөбе» командасы Павлодардың «Ертіс» клубын Қостанайда қабылдады. Ақтөбедегі стадионның дайын болмауына байланысты олар өз алаңындағы ойындарын аталмыш қалада өткізіп жүр. Бүгін кездесуде негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталды. «Ақтөбеден» Абат Айымбетов 27, 64-минуттарда гол соқса, «Ертістен» Рохер Каньяс 17, Станислав Лунин 51-минуттарда көзге түсті. Қосымша кезеңде павлоларлық Каспарс Дубра «Ертісті» алға шығарды. Дегенмен «Ақтөбе» командасынан 111-минутта Хрвое Милишевич қайтадан таразы басын теңестірді. Пенальти тебуде «Ертістің» жолы болды.
Қызылорданың «Қайсары» бірінші лигада ойын көрсететін Шымкенттің «Оңтүстік академия» клубын әрең жеңді. «Оңтүстік академия» клубынан 26-минутта Жандос Қуандықов есеп ашқанымен, оған «Қайсар» сапынан 31-минутта Иван Садовничий жауап қайырды. Ойынның негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталды. Қосымша кезеңнің 106-минутта қызылордалық шабуылшы Бранислав Пуношевац соққан гол «Қайсарды» жарыстың келесі кезеңіне алып шықты.
Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Шымкенттің «Ордабасы» арасындағы кездесу тағдырын бір ғана гол шешті. Шымкенттік Темірлан Ерлановтың 75-минутта соққан жалғыз голы өз командасын ширек финал ойындарына алып шықты.
«Атырау» командасы Нұр-Сұлтан қаласында Талдықорғанның «Жетісуын» 1:0 есебімен жеңді. Кездесу тағдырын шешкен голды 78-минутта атыраулық Алексей Родионов соқты.
«Тараз» өз алаңында Қарағандының «Шахтерін» 2:0 есебімен жеңді. Аталмыш команда сапынан 8-минутта Гаврил Кан мен 91-минутта Серж Ньюадзи көзге түсті.
Қазақстан кубогының ширек финал ойындары 8 мамырда өткізіледі. Жарыстың бұл кезеңі де бір ғана кездесуден тұрады.