АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Қазақстан кубогының 1/8 финалына қатысатын барлық команда анықталды. Жарыстың бірінші кезеңінен «Оңтүстік академиясы», «Тараз» және SD Family (Астана) командалары жолдама алды.
Қазақстан кубогының 1/8 финалындағы ойындар 13 және 14 сәуір күндері өтеді. Жарыстың аталған сатысында Премьер-лиганың 13 клубымен бірге бірінші кезеңде үздік шыққан үш команда бақ сынайды.
«Оңтүстік академиясы» Петропавлдың «Қызылжар», «Тараз» Шымкенттің «Ордабасы», SD Family «Атырау» командасымен шеберлік байқасады.
Сондай-ақ, жарыстың аталған сатысында «Қайсар» (Қызылорда) мен «Тобыл» (Қостанай), астаналық «Жеңіс» пен «Астана», «Қайрат» (Алматы) мен «Тұран» (Түркістан), «Елімай» (Семей) мен «Шахтер» (Қарағанды), «Ақтөбе» мен «Жетісу» (Талдықорған) клубтары жасыл алаңға шығады.
Айта кетсек, 1/8 финалда әрбір жұптағы жеңімпаз бір ойын арқылы анықталады. Кездесу жеребеде бірінші көрсетілген клубтардың алаңдарында ұйымдастырылады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.