Футболдан Қазақстан кубогы: «Атырау» мен «Ордабасы» жартылай финалға шықты

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін еліміздің төрт қаласында футболдан Қазақстан кубогының ширек финалдық ойындары өтіп жатыр. Қазірге дейін жартылай финалға жолдама алған екі команда белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы кездесу Семейде жергілікті «Алтай» мен «Атырау» командалары арасында өтті. Жеңімпаз ойын соңындағы пенальти тебу арқылы анықталды. Ойынның негізгі кезеңі 1:1 есебімен тең аяқталды. Алдымен 12-минутта «Атырау» ойыншысы Ринат Жұматов есеп ашты. Ал 48-минутта семейлік Владимир Вяткин таразы басын теңестірді. Төреші қосқан қосымша кезеңде де жеңімпаз анықталған жоқ. Пенальти сериясында «Атырау» командасы 3:1 есебімен жеңіске жетті.

«Алтай» командасы жарыстың 1/8 финалында Нұр-Сұлтан қаласының «Астана» командасын пенальтиден орта жолда қалдырып кеткен еді.

Ширек финалдағы тағы бір ойын Тараз қаласында өтті. Бұл кездесуде 11-минутта «Ордабасы» ойыншысы Максим Ваганов гол соғып кетті. Осылайша, «Ордабасы» 1:0 есебімен жеңіске жетіп, жартылай финалға шықты.

Бүгін тағы екі матч өтеді. Павлоларда жергілікті «Ертіс» Қызылорданың «Қайсарымен», Алматыда «Қайрат» Қостанайдың «Тобылымен» кездеседі.

Айта кетейік, осы уақытқа дейін Алматының «Қайраты» 9 мәрте Қазақстан кубогы иегері атанды. Одан кейінгі орындарда «Астана-1964» (бұрынғы «Жеңіс») пен «Астана» командаларында үш-үштен кубок бар. Ал «Ертіс», «Тараз», «Восток», «Тобыл», «Ақтөбе», «Шахтер», «Атырау», «Қайсар», «Алма-Ата», «Ордабасы», «Достық», «Спартак» (Семей), СКИФ-«Ордабасы» және «Қызылжар» командалары бір-бір мәрте жеңімпаз болды.

Соңғы жаңалықтар