Футболдан Қазақстан кубогы: «Ордабасы» финалға жолдама алды
00:12, 07 Шілде 2023
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкенттің «Ордабасы» клубы футболдан Қазақстан кубогының финалына берілген алғашқы жолдамаға ие болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Шымкенттік клуб жартылай финалда өз алаңында елордалық «Астана» командасымен шеберлік байқасты.
Екі команда арасындағы алғашқы кездесуде «Астана» 1:0 есебімен басым түскен еді.
Бүгінгі ойында «Ордабасы» сапынан Шахбоз Умаров 53-минутта мергендік танытты.
Нәтижесінде екі кездесудің қорытындысы бойынша таразы басы теңесіп, ойын овертаймға ұласты.
Овертаймның 105-минутында Темірлан Ерланов есепті үстемелей түсті.
Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.
Енді 8 шілдеде «Атырау» мен «Тобыл» (Қостанай) командалары шеберлік байқасады.
Алғашқы ойында қостанайлық клуб аталған қарсыласын 1:0 есебімен жеңген еді.