НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогы жартылай финалына шыққан тағы бір команда анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Мұндай мүмкіндікке Қарағандының «Шахтері» ие болды. Қарағандылық клуб бүгін өз алаңында «Тараздан» 3:1 есебімен басым түсті. Алаң иелері қатарынан Давид Атанаскоски 27, Мартин Тошев 60, Айдос Тәттібаев 90-минуттарда мергендік танытса, оған 39-минутта тараздық Әлішер Сүлей бір голмен жауап қайырды.
Енді олар жартылай финалда 6 және 20 қараша күндері «Тобыл» командасымен кездеседі. Қостанайлық клуб ширек финалда «Қызылжар» (Петропавл) клубын (1:0, 1:0) қапы қалдырып кетті.
Сондай-ақ, бүгін Қызылордада «Қайсар» елорда уақытымен19.00-де Алматының «Қайратымен» кездеседі. Алғашқы ойында алматылықтар 3:0 есебімен басым түсті.
Бұл жұптың жеңімпазы жартылай финалда «Астанамен» шеберлік байқасады.
Фото: shakhter.kz
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.