Футболдан Қазақстан кубогында «Астана» «Жетісумен» тең түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан кубогы топтық кезеңі бірінші турының алғашқы ойын күні аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл турда елордалық «Астана» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісу» командасымен 0:0 есебімен тең түсті. Премьер-лигада көш басында жүрген елордалық клуб осылайша бірінші лигада сегізінші орында тұрған ұжымның осал тұсын таба алған жоқ.

Қарағандыда жергілікті «Шахтер» Түркістанның «Тұранын» 4:0 есебімен ойсырата жеңсе, Павлодар облысының «Ақсуы» өз алаңында «Атырауға» 0:1 есебімен жол берді.

Ал Қызылордада «Қайсар» Оралдың «Ақжайығынан» 1:0 есебімен басым түсті.

Енді 9 шілдеде «Қайрат» пен «Ордабасы», «Тараз» бен «Тобыл», «Мақтарал» мен «Ақтөбе» жасыл алаңға шығады.

Алғашқы турды 10 шілдеде «Каспий» мен «Қызылжар» командалары түйіндейді.

Жеребе нәтижесі бойынша 16 команда төрт топқа бөлінген.

Оның 14-і Премьер-лигада сынға түсетін клубтар болса, жарыстың үш сатысында жеңімпаз атанған «Қайсар» мен «Жетісу» олардың қатарына қосылды .