Футболдан Қазақстан кубогында «Каспий» мен «Қызылжар» тең түсті

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогы топтық кезеңі бірінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы турды бүгін, 10 шілдеде Ақтауда жергілікті «Каспий» мен Петропавлдың «Қызылжар» командалары түйіндеді.

Кездесуде командалар 1:1 есебіне қанағат білдірді. Ойынның 6-минутында петропавлдық клубтан Павел Яковлев есеп ашса, оған 50-минутта Еркебұлан Нұрғалиев бір голмен жауап қайырды.

Алғашқы турда өз алаңында Алматының «Қайраты» Шымкенттің «Ордабасысын» 2:0, Түркістан облысының «Мақтаралы» «Ақтөбені» 3:2, қарағандылық «Шахтер» Түркістанның «Тұранын» 4:0 есебімен жеңді.

Ал Қызылордада «Қайсар» Оралдың «Ақжайығын» 1:0, « Тараз» қостанайлық «Тобылды» 6:1 есебімен сүріндірді .

Ал елордалық «Астана» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісу» командасымен 0:0 есебіне қанағат білдірсе, Павлодар облысының «Ақсуы» өз алаңында «Атырауға» 0:1 есебімен жол берді.

Енді екінші тур ойындары 15, 16, 17 шілде күндері өткізіледі.