Футболдан Қазақстан кубогында Тобыл қарсыласынан ойсырай жеңілді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогы топтық кезеңі бірінші турының екінші ойын күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Екінші ойын күнінде Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда «Тараздан» 1:6 есебімен ойсырай жеңілді. Кездесуде қостанайлық клуб негізінен жастарға сенім артты. Команданың негізгі құрамы Чемпиондар лигасы бірінші іріктеу сатысындағы Венгрияның «Ференцварош» командасымен қарымта ойынға дайындалуда. Сондықтан аталған кездесуде негізінен жас футболшыларға сенім артқан болатын.

Сондай-ақ, екінші ойын күнінде Алматының «Қайраты» өз алаңында Шымкенттің «Ордабасын» 2:0 есебімен сүріндірді.

Ал Түркістан облысының «Мақтаралы» өз алаңында «Ақтөбеден» 3:2 есебімен басым түсті.

Аталған турда 8 шілдеде елордалық «Астана» сырт алаңда Талдықорғанның «Жетісу» командасымен 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Қарағандыда жергілікті «Шахтер» Түркістанның «Тұраннан» 4:0, Қызылордада «Қайсар» Оралдың «Ақжайығынан» 1:0 есебімен басым түссе, Павлодар облысының «Ақсуы» өз алаңында «Атырауға» 0:1 есебімен жол берді .

Алғашқы турды 10 шілдеде Ақтауда жергілікті «Каспий» мен Петропавлдың «Қызылжар» командалары түйіндейді.