Футболдан Қазақстан кубогының алғашқы кезеңіне қатысатын командалар анықталды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогының алғашқы кезеңіне қатысатын командалар анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде Қазақстан кәсіпқой футбол лигасы мәлім етті.

Қазақстан кубогының алғашқы сатысындағы ойында 15 наурызда Шымкент қаласында басталады. Бірінші кезең ойындарына бірінші және екінші лигада ойнайтын 16 команда бақ сынайды. Командалар негізгі кезеңге қатысуға мүмкіндік беретін екі жолдама үшін таласады.

Алғашқы кезеңде 16 команда төрт топта сайысқа түседі. Әрбір топтың жеңімпазы плей-офф кезеңінде бір-бірімен кездесіп, жарыстың негізгі кезеңіне қатысатын 14 команда қатарына қосылады.

Қазақстан кубогының алғашқы кезеңінде «Оңтүстік Академиясы» (Шымкент), «Ақжайық» (Орал), «Алтай» (Өскемен), «Арыс» (Арыс), «Елімай» (Семей), «Жас Қыран» (Алматы), «Жетісай» (Жетісай), «Жеңіс» (Астана), «Қыран» (Түркістан облысы), «Тараз» (Тараз), «Тұран» (Түркістан), «Ұлытау» (Жезқазған), «Хан Тәңірі» (Алматы), «Яссы» (Түркістан), «AKAS» (Алматы), «SD Family» (Астана) клубтары өзара сайысқа түседі.

Қазақстан кубогының алғашқы және негізгі кезеңдерінің жеребесі 13 ақпанда тартылады.

Еске салсақ, бұдан бұрын Даму кубогында Қазақстан жасөспірімдер құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізгенін хабарлаған едік.


Соңғы жаңалықтар