НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан кубогы топтық кезеңі екінші туры мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Екінші турдың соңғы ойын күнінде Шымкентте жергілікті «Ордабасы» Павлодар облысының «Ақсуын» 2:0, Түркістанда «Тұран» Талдықорғанның «Жетісуын» 3:0 есебімен жеңді.
Сондай-ақ, Оралда жергілікті «Ақжайық» Ақтаудың «Каспийін» 3:1 есебімен сүріндірді.
Еске салсақ, бұдан бұрын 15 және 16 шілде күндерінде бес ойын өткізілді. Сырт алаңда алматылық «Қайрат» «Атырауды» 3:2, Қызылорданың «Қайсары» Петропавлдың «Қызылжарын» 2:1 есебімен тізе бүктірді.
Ал қостанайлық «Тобыл» өз алаңында «Ақтөбеден» 2:1, «Тараз» Түркістан облысының «Мақтаралынан» 4:2 есебімен басым түсті.
Тағы бір кездесуде елордалық «Астана» қарағандылық «Шахтер» (Қарағанды) командасынан 5:2 есебімен жеңді.
Енді Қазақстан кубогы үшінші тур ойындары 22, 23, 24 шілде күндері өткізіледі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.