АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан құрамасы 7 маусымда Армениямен жолдастық кездесу өткізеді. Екі елдің футбол федерациясы осындай шешімге келді.
Екі құрама қазірге дейін жеті мәрте өзара кездесті. Оның төртеуінде Армения жеңіске жетсе, екеуінде Қазақстан басым түсті. Бір ойында тең нәтиже тіркелді. ФИФА рейтингінде Армения құрамасы 93-орында тұр.
Сондай-ақ 14 наурызда қазақстандық футболшылар Біріккен Араб Әмірлігінде өтетін оқу-жаттығу жиыны барысында Түрікменстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді.
Қазақстандық футболшылар 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына жолдама алу үшін плей-офф сатысында 21 наурызда Грекиямен кездеседі. Аталған ойынға әзірлікті Қазақстан ұлттық құрамасы 8 наурызда бастайды.
Еске салсақ, футболдан UEFA Ұлттар лигасының жеребесі 8 ақпанда тартылады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.