Футболдан Қазақстан құрамасы елордада Словакиямен тең ойнады

АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан UEFA Ұлттар лигасының алтыншы турындағы Қазақстан — Словакия кездесуі аяқталды.

Фото: ҚФФ

Бұл ойынға қарсыластар турнир кестесінде түрлі жағдайда жетті. Словакиялық футболшылар бес турдан кейін 11 ұпай жинап, бір тур бұрын плей-офф сатысына жолдама алған еді. Есесіне Қазақстан құрамасы небәрі екі ұпай жинап, төртінші орынға жайғасты. Сондықтан отандастарымыз бұл турнирдегі алғашқы жеңіске қол жеткізу үшін барын салды. 

Ойынның 29-минутында қазақстандық Ғалымжан Кенжебектің шығарған пасын әріптесі Ислам Чесноков қақпа торында тулатты. Оған словакиялық Роберт Боженик 58-минутта бір голмен жауап қайырды.

Арада тоғыз минут өткенде Ғалымжан Кенжебектің берген пасын Ян Вороговский голға айналдырып, Қазақстан құрамасы тағы алға шықты.

Ойынның 97-минутында Адриан Капралик мергендік танытып, кездесудің нүктесін қойды.

Осылайша қос құрама 2:2 есебіне қанағат білдірді.

Айта кетсек, отандастарымыз Ұлттар лигасында Фарер аралдарымен (1:1, 2:2) екі мәрте тең түссе, Молдоваға (1:2, 1:2) екі мәрте жеңіліп қалды. 

Ал Словакияға сырт алаңда 1:2 есебімен есе жіберді.

Бұл топта бүгін Фарер аралдары өз алаңында Молдваны 1:0 есебімен қапы қалдырды.

Алты турдан кейін Словакия 12, Фарер аралдары 8 ұпай жинап, плей-офф сатысына шықты. Одан кейінгі орындардағы Молдованың 7, Қазақстанның 3 ұпайы бар.