АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Біріккен Араб Әмірлігінде оқу-жаттығу жиынын бастады. Ел құрамасы онда Ұлттар лигасы плей-офф сатысындағы қарсыласы Грекиямен ойынға қарсы кездесуге дайындалады.
Футболшылар Алматыдан БАӘ-нің Дубай қаласына жеткен. Ұлттық құрамаға шақырту алған ойыншылардың басым бөлігі жиналды.
Енді Түркия мен Ресей чемпионатында ойнайтын Абат Айымбетов, Бақтиер Зайнутдинов, Нұралы Әліп және Александр Зуев қатарға кейін қосылады.
Айта кетсек, Біріккен Араб Әмірліктерінде өтетін оқу-жаттығу жиыны 19 наурызға дейін созылады. Жиын аясында 14 наурыз күні Түрікменстан құрамасымен жабық жолдастық ойын өтеді.
Еске салсақ, бас бапкер Магомед Адиев 2024 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына жолдама алу үшін Грекиямен кездесуіне қатысатын ойыншылар тізімін жариялады. Бұл тізімге барлығы 26 футболшы енген.
Қазақстан құрамасы С жолымен 2024 жылдың 21 наурызында жартылай финалда сырт алаңда Грекиямен кездеседі. Жеңген жағдайда 26 наурызда тағы да сырт алаңда Грузия-Люксембург жұбының жеңімпазымен шеберлік байқасады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.