АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының 1995-1997 жылдары бас бапкері болған Серік Бердалин 79 жасында өмірден өтті. Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.
Қарағанды футболының түлегі Серік Бердалин «Шахтёр» және «Металлург/Строитель» командаларында ойнаған. Спорттық мансабын аяқтаған соң «Шахтёр», «Ертіс» және «Жетісу» сынды бірқатар қазақстандық клубта бапкерлік әрі басшылық қызмет атқарды.
Серік Бердалиннің жетекшілігімен «Шахтёр» (1995) мен «Ертіс» (1998) Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды.
1995-1997 жылдары Серік Сәрсембайұлы Қазақстан ұлттық құрамасын басқарды, ал 2003-2008 жылдары Қазақстанның Туризм және спорт агенттігінде футбол бойынша мемлекеттік жаттықтырушы қызметін атқарды.
Серік Бердалин – Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген жаттықтырушысы, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт қайраткері, сондай-ақ 1995 жылғы елдің үздік футбол жаттықтырушысы атағының иегері.
Еске салсақ, бұған дейін Михаил Ломтадзе «Жеңіс» клубының иесі атанғанын жазғанбыз.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.