АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бұрынғы ойыншысы Ғафуржан Сүйімбаев 34 жасында спорттық мансабын аяқтады.
Бұл жөнінде футболшының өзі әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.
Ғафуржан Сүйімбаев 1990 жылы дүниеге келген. 2007 жылдан бастап «Ордабасы», «Қайрат», «Ертіс», «Ақсу» командаларында ойын көрсетті.
2014-2022 жылдарда ұлттық құрама сапында 42 матч өткізіп, 4 гол соқты.
Ол биыл бірінші лигада ойнайтын павлодарлық «Ертіс» құрамына ауысқан еді. Алған жарақатына байланысты командамен келісім-шартты ерте бұзуға мәжбүр болды.
Еске салсақ, бұдан бұрын қазақстандық Қайрат Нұрдәулетов Бірінші лигада ойнайтын павлодарлық «Ертіс» клубы бас бапкері қызметінен кетті.
Ол аталған клуб тізгінін биылғы қаңтар айының басында ұстаған еді.
Павлодарлық клуб Бірінші лигада бес турдан кейін 13 ұпаймен көш басында келеді. Еншісінде төрт жеңіс, бір тең ойын бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.