Футболдан Қазақстан құрамасы UEFA аясында тарихи көрсеткішке қол жеткізді

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан құрамасы UEFA аясында өтіп жатқан турнирде алғаш рет 12 ұпай жинап, тарихи көрсеткішке қол жеткізіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ел құрамасы бұған дейін Еуропа чемпионатының іріктеу сатысында мұндай ұпай иеленген емес. Атап айтқанда, 2008 жылы – 10, 2012 жылы – 4, 2016 жылы – 5, 2020 жылы – 10 ұпай жинаған еді.

Ал Еуропа құрлығы бойынша әлем чемпионаты іріктеу сатысында 2006 жылы – 1, 2010 жылы – 6, 2014 жылы – 5, 2018 жылы – 3, 2022 жылы – 3 ұпайды місе тұтты.

Алда үш ойын бар. Бұл көрсеткіш әлі де жақсара түседі деген үміттеміз.

Еске салсақ, ел құрамасы бүгін, 10 қыркүйекте «Астана-Аренада» 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеудің 6-турында Солтүстік Ирландияны 1:0 есебімен жеңді. Кездесу барысында 27-минутта қазақстандық шабуылшы Максим Самородов мергендігімен көзге түсті. Бұл гол Қазақстан құрамасына төртінші мәрте жеңіс алып келді. Матчты трибунадан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тамашалады. Ойыннан кейін Мемлекет басшысы спортшыларымызбен кездесіп, жеңіспен құттықтады.

Бұған дейін ел құрамасы бес кездесу өткізген еді. Алдымен Словениядан 1:2 есебімен жеңілсе, Данияны – 3:2, Сан-Мариноны – 3:0, Солтүстік Ирландияны – 1:0 есебімен қапы қалдырды.

Қазақстан құрамасына 2022 жылдың 27 сәуірінен бастап ресейлік бапкер Магомед Адиев жетекшілік етіп келеді. Оның жетекшілігімен футболшылар 14 ойын өткізді. Қазірге дейін Ұлттық құрама 8 мәрте жеңіске жетіп, біреуінде тең нәтиже тіркелді, бесеуінде қарсыласына есе жіберді.

Осы уақыттағы турнир кестесіндегі көрсеткіш бойынша Қазақстан 2024 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында 6 ойыннан кейін 12 ұпаймен екінші орында тұр.

Айта кетейік, дәл қазір Қазақстан ойын көрсететін H тобында Финляндия мен Дания кездесуі өтіп жатыр. Әзірге есеп –0:0.

Ал сағат 00.45-те Словения мен Солтүстік Ирландия құрамалары жасыл алаңға шығады.

Енді Қазақстан құрамасы сырт алаңда 14 қазанда Даниямен, 17 қазанда Финляндиямен кездеседі.