Футболдан Қазақстан премьер-лигасы бірінші кезеңінің нәтижелері

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан премьер-лигасының бірінші туры аяқталды. Көпшілік күтпеген нәтижелер де тіркелді. 

Астана футбол федерациясы кезең қорытындысын жасады.

"Ордабасы" - "Астана" - 3:0. «Ордабасы» ел чемпионын "ойсырата жеңеді" деп ешкім де ойламаған шығар. Оңтүстікқазақстандықтар тырысты, жанкештілік танытты. Жеңіске лайық ойын өрнегін көрсетті. Қарсыластарынан басым түсті. «Астана» болса әлі гол соға алар емес. Суперкубок пен бірінші турда, яғни екі ойында 0:5 есебімен ұтылды. Ойын өрнектерінен, қимыл-қозғалыстарынан селсоқтық байқалады. Шымкенттегі матчтан кейін бас бапкері Станимир Стойлов айтқандай, мәселе ойын нәтижесінде емес, мәселе одан да тереңде сияқты. «Астананың» бүгінде қаражаттан қиындық көріп жүргені "ұзын құлақ" арқылы жанкүйерлер арасында желдей есіп жүр.  

"Қайрат" - "Ақтөбе" - 1:0. «Қайрат» өз алаңында жеңіске жетіп, үш ұпай еншіледі. «Ақтөбе» маусым аралығында бірнеше трансферлерімен көпшілікті елітіп еді. Әрі матчтың алдында Алматыға жеңілу үшін бара жатпағандарын айтып, одан әрі қызықтыра түскен. Бірақ Алатау бөктерінде футбол жанкүйерлері мен мамандары сүйсінерліктей ойын өрнегін көрсете алмады. Жаңадан жасақталған команда, әлі бір-бірін түсінісе алмай жүргендей. Тек қақпашысы жанын салып ойнады, гол жібермеуге тырысты. Өйткені ол былтыр «Қайрат» сапында болған. Алайда, Сидельников қанша тырысқанымен, бір рет сан соғып қалды. Бірақ әлі екі мүмкіндігі бар.

"Тобыл" - "Атырау" - 3:0. «Тобылдың» жеңетіндігіне шүбә келтірмегендер көп болған шығар. Бірақ, тура осылай күйрете жеңеді деп кім ойлаған. Құрамын әжептәуір нығайтты. Тіпті Қазақстан және Литва құрамаларының кейбір ойыншыларына негізгі құрамда орын табылмай қалды. Шабуылшысы Алексей Щеткин жарады. Үш гол соқты. «Атырау» биыл құрамын толықтай дерлік жаңартты. Бас бапкері де ауысты. Қостанайда былтырғы құрамынан бір-ақ ойыншы негізгі құрамда алаңға шықты (Алтынбек Сапаров).

"Ертіс" - "Ақжайық" - 2:1. «Ертіс» те командасын биыл қайтадан жасақтауға мәжбүр болды. Бірақ бас бапкері - былтырғы маман. Бірақ команда өз әлеуетін әлі толық көрсеткен жоқ. «Ақжайық» - былтырдан бері "өз" қақпашысын таппай жүр. Өткен маусымда төрт қақпашыға сенім артып көрді. Биыл премьер-лигада доп тебу бұйырмаған «Алтайдан» Вячеслав Котлярды алды. Бірақ ол екі гол жіберіп алды. Алайда, екеуі де - тойтару мүмкін емес соққылар. Біреуі Аслан Дарабаевтың пәрменді соққысы, екіншісі - пенальти. Жалпы, «Ақжайық» ерке Ертіс жағасында жаман ойнаған жоқ. Жеңісті қолдан бермей, тайталасып бақты. Құрамына биыл қосылған легионерлері қазақ додасына әлі үйренісіп кете алмай жүргендей.

"Қайсар" - "Оқжетпес" - 1:0. Премьер-лигаға қайта оралған «Қайсар» бірінші турда жеңіске жетті. Жалғыз голды пенальтиден соқса да, жеңіске деген жігерліктері басымырақ болды. Соңғы секундтарға дейін тізгіндерін тартқан жоқ. Ал «Оқжетпес» керісінше, соңғы секундтарда «осымен ойын бітті» деп, бір ұпайды қанағат тұтып, қарқындарын сәл де болса, бәсеңсітіп алғандай. Әрине, соңғы секундтарда бір ұпайдан айырылып қалу оңай емес. Бір көңіл аударарлығы, Көкше клубы маусым аралығында құрамын соншалықты күшейте алмағандай.

"Тараз" - "Шахтер" - 0:0. Бұл ойында алаң иелерінің емес, қонақтардың жеңіске жететін мүмкіндігі басымдау болған еді. Себебі, екінші таймның басында «Тараздың» бір ойыншысы (Эргашев) тым дөрекі ойнағаны үшін алаңнан қуылды. «Шахтер» 40 минут артық құрамда ойнады. Бірақ жеңісті жұлып ала алмады.