Футболдан Қазақстан Премьер-лигасында 16 клуб ойнайтын болады

Фото: Мақсат Шағирбаев/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылдан бастап футболдан Қазақстан Премьер-лигасында 16 клуб ойнайтын болады. Бұл туралы Үкімет отырысында Қазақстан Футбол федерациясының бас хатшысы Давид Лория айтты.

- 2026 жылдан бастап Премьер-лига құрамын 16 клубқа дейін кеңейту туралы шешім қабылданды. 2028 жыла дейін легионерлерге арналған лимитті 12-ден 8 ойыншыға дейн біртіндеп қысқарту процесі басталды. Қазақстан құрамасының Солтүстік Македония, Уэльс және Лихтенштейнге қарсы үйдегі ойындарында 82 722 көрермен жиналып, халықаралық кездесулерге жоғары қызығушылықты растады, - деді ол.

Оның дерегінше, Қазақстан құрамасы биылғы үйдегі соңғы ойынын 15 қарашада Бельгияға қарсы өткізеді. Ол кезде де стадион жанкүйерге лық толады деп болжанып отыр. 

- 2025 жылы «Қайрат» футбол клубы УЕФА Чемпиондар лигасының топтық кезеңіне шықты. Ал «Астана», «Ордабасы», «Ақтөбенің» еурокубогқа қатысуы Қазақстанның УЕФА-ның клубтық рейтингінде 39-орыннан 34-орынға көтерілуіне мүмкіндік берді. Қазақстанның халықаралық футбол имиджін ілгерілету аясында еліміз 2027 жылы 19 жасқа дейінгі ойыншылар арасында футзалдан Еуропа жасөспірімдер чемпионатының финалдық турнирін өткізу құқығын алды. Сонымен қатар федерация 2028-2029 жылғы маусымда УЕФА Конференция лигасының финалын өткізуге ресми өтінім берді, - деді Давид Лория. 

Бұған дейін ол жекешелендірілетін футбол клубтарын атаған еді.