НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Түркістан қаласында футболдан Қазақстан суперкубогы үшін ойындар басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгін бірінші жартылай финалдық матчта алаңға «Астана» мен қарағандылық «Шахтер» командалары шықты.
Есепті 18-минутта елордалық команда сапындағы черногориялық қорғаушы Жарко Томашевич ашты.
Бірінші тайм соңында жарақат алған «Шахтердің» қақпашысы Игорь Шацкийдің орнына екінші кезеңде Тимурбек Зәкіров шықты. 73-минутта Т.Зәкіров қайтарған допқа армениялық шабуылшы Тигран Барсегян бірінші болып жетіп, есепті 2:0-ге жеткізді.
Осылайша Андрей Тихоновтың шәкірттері финалға шықты. «Астананың» финалдағы қарсыласы 3 наурыз күні «Қайрат» пен «Тобылдың» арасында өтетін ойыннан кейін анықталады. Жартылай финалда жеңілген клубтар 5 наурызда үшінші орын үшін таласады. Финалдық матч 6 наурызда жоспарланған.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын футболдан суперкубок кімге бұйыратынын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).