Айта кетейік, алдағы қос ойынға команданы бас бапкердің көмекшісі Руслан Балтиев бастап шығады. Станислав Черчесов бастаған жаңа бапкерлер штабы жолдастық матчтар аяқталған соң жұмысына кіріседі.
Айтпақшы, Қазақстан ұлттық құрамасы сапында өзгерісбар. Тізе жарақатын алған Әділхан Добайдың орнына «Елімайдың» ойыншысы Михаил Габышев шақырту алды.
«Сондай-ақ ұлттық құрамаға Ислам Чесноков (аяқ жарақаты), Александр Зуев пен Бекхан Шайзада (екеуінде де ЖРВИ) көмектесе алмайды. ОЖЖ барысында үшінші қақпашы ретінде Данил Устименко жаттығады. Ал шабуылшы Иван Свиридов Грузия U-21 құрамасымен жолдастық матч өткізетін Қазақстан U-21 құрамасының сапына қосылды», - делінген Қазақстан футбол федерациясы таратқан ресми ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда екі жолдастық матч өткізеді. 7 маусымда ұлттық құрама Армениямен кездеседі. Ойын Ереван қаласындағы В.Саркисян атындағы Республикалық стадионда өтеді. Басталуы: Астана уақытымен сағат 21:00-де.
Төрт күннен кейін біздің құрама Әзербайжанға қарсы матч өткізу үшін Венгрияға жолға шығады. Ойын Сомбатхей қаласында «Халадаш» стадионында өтеді деп жоспарланған. Басталуы: Астана уақытымен сағат 21:00-де.