Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасын польшалық маман жаттықтыруы мүмкін

Фото: kanalsportowy.pl

АСТАНА. KAZINFORM – Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының басшылығы польшалық жаттықтырушы Михал Пробежбен келісімге келді, деп хабарлайды Kazinform Sports.kz сайтына сілтеме жасап.

– Польша құрамасының бұрынғы бас бапкері Қазақстан футбол федерациясымен ынтымақтастықты бастау туралы келісімге келді. Жақын арада бұл ақпараттың ресми растауын күтіп отырмыз. Бірақ келісімшарттың нақты қанша уақытқа жасалатыны туралы ақпарат әлі шыққан жоқ, - деді журналист Матеуш Борек Moc Futbolu YouTube арнасында. 

Бұған дейін қазақстандық маман Әли Әлиев әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Бельгиядан ірі есеппен жеңілгеннен кейін кейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері қызметінен кеткен болатын. 

Айта кетейік, Пробеж Польша құрамасын 2023-2025 жылдар аралығында жаттықтырды. Сондай-ақ ол бір кездері грекиялық «Арис» командасының да тізгінін ұстаған болатын.