Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мен Өзбекстан футбол қауымдастығы өзара келісімге келді.
Кездесу 2022 жылдың 16 қараша күні Ташкент қаласындағы «Пахтакор» стадионында өткізіледі.
Жолдастық кездесу жайында Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Магомед Адиев пікір білдірді.
«Өзбекстан құрамасы Еуро-2024 іріктеу кезеңіне дайындық үшін жақсы қарсылас деп санаймын. Жаттықтырушылар штабы үшін көп мәлімет жинауға мүмкіндік береді. Өзбекстанда сапалы футболшылар көп. Сол себепті осы ойында Еуропа чемпионатының алдағы іріктеу кезеңінде үміт артатын футболшыларды бір тексеріп аламын деп ойлаймын. Өте қызықты ойын болады деп үміттенемін», - деді ол.
Айта кетсек, екі елдің құрамалары бұған дейін алты рет шеберлік байқасты.
Оның екеуінде Өзбекстан жеңіске жетсе, біріде Қазақстан басым түсті. Ал үш ойын тең аяқталды.
FIFA рейтингінде Өзбекстан құрамасы 77-орында тұрса, Қазақстан 113-орында келеді.
Фото: kff.kz