АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстанның 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер құрамасы 18-24 ақпан аралығында Беларусь астанасы Минскі қаласында өтетін «Даму Кубогы» халықаралық турниріне қатысады.
Жасөспірімдер құрамасының оқу-жаттығу жиыны 10 ақпанда Талғардағы ҚФФ базасында өтеді. Құрамаға қазақстандық маман Бауыржан Сағындық жетекшілік етеді.
Халықаралық турнирге барлығы 8 құрама қатысады. Олардың қатарында 17 жасқа дейінгі Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Ресей, Әзербайжан, Беларусь және 16 жасқа дейінгі Беларусь, Ресей құрамалары бар.
Қазақстандық футболшылар В тобында Беларусь (U-16), Тәжікстан және Ресей (U-17) құрамаларымен шеберлік байқасады. Ал А тобында Беларусь (U-17), Ресей (U-16), Өзбекстан және Әзербайжан құрамалары шеберлік байқасады.
Айта кетсек, бұдан бұрын Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы тағайындалды. Бұл қызметке Бауыржан Сағындық келген болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.