АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан 17 жасқа дейінгілер арасында 2026 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу турнирінде Қазақстан құрамасы Хорватияның Неделище қаласында алғашқы кездесуін өткізді.
Бауыржан Сағындықтың шәкірттері сенсация жасап, Хорватияны 2:1 есебімен ұтты.
Матчтың 2-минутында-ақ Ислам Рақым есеп ашты.
Дегенмен 33-минутта алаң иелерінен Юрай Фриган 11 метрлік айып добын дәл орындап, таразы басын теңестірді.
Үзіліс алдында 45-минутта Расул Әкімов жеңіс голын соқты – 2:1.
Екінші таймда хорватиялықтар есепті теңестіруге тағы да мүмкіндік алды. Алайда Лука Бартолович 57-минутта пенальтиден мүлт кетті.
Сегізінші топтағы шағын турнир Қазақстан, Хорватия, Нидерланд және Албания құрамаларының қатысуымен Хорватияда өтіп жатыр. Қазақстандықтар 14 қарашада Нидерланд, 17-сінде Албаниямен ойнайды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Қайсардан» кейін «Қызылжар» клубы жекеменшікке өткенін жазған едік.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).