Футболдан Қазақстан жастар құрамасы екі ойынын Түркістанда өткізеді

Фото: Қазақстан футбол федерациясы

АСТАНА. KAZINFORM - Футболдан Қазақстан жастар құрамасы 2027 жылғы жастар арасындағы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңіндегі екі ойынын Түркістан қаласында өткізеді.

Қазақстан футбол федерациясының хабарлауынша, Словакия мен Ирландия құрамаларына қарсы матчтар «Түркістан Арена» стадионында болады. 

Отандастарымыз алдымен 27 наурызда Словакиямен кездессе, 31 наурызда Ирландиямен шеберлік байқасады.

Матчтардың басталатын уақыты алдағы уақытта жарияланады.

Айта кетсек, бұдан бұрын қазақстандық бапкер Владимир Чебурин жастар құрамасының тізгінін ұстады.

Бұған дейін Владимир Чебурин «Шахтер», «Оқжетпес» клубтарында, сондай-ақ Литваның «Круоя», «Судува» және «Жальгирис» командаларында жұмыс істеген.

«Судува» мен «Жальгирис» клубтарымен бірге алты мәрте ел чемпионы атанып, үш рет Литва Кубогын және екі рет Суперкубогын жеңіп алған. Сонымен қатар Литвада үш мәрте жылдың үздік бапкері деп танылған.