Футболдан Қазақстан жастар құрамасы Өзбекстанмен ойнайды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан футбол федерациясы мен Өзбекстан футбол қауымдастығы U-21 жастар құрамалары арасында екі жолдастық ойын өткізу туралы келісімге келді.
Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы мәлім етті.
Матчтар 12 мен 14 қазан күндері Ташкентте өтеді.
Айта кетейік, Қазақстан жастар құрамасы D тобында Англия, Ирландия, Словакия, Молдова және Андорра құрамаларымен ойнайды.
Олар 5 маусым күні Астанада Андоррадан 1:0 есебімен басым түссе, енді 8 қыркүйекте Англиямен шеберлік байқасады. Ал 9 қазанда 2027 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда Андоррамен ойнайды.
Құрлықтық доданың іріктеу кезеңі 2026 жылдың 6 қазанында мәресіне жетеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын алматылық «Қайрат» футбол командасы UEFA Чемпиондар лигасы екінші іріктеу кезеңінде Финляндияның КуПС командасын жеңіп, жарыстың үшінші кезеңіне жолдама алды.
Енді олар Словакияның «Слован» командасымен шеберлік байқасады. Алғашқы ойын 5 тамызда Алматы қаласында өткізілсе, 12 тамызда Братислава қаласында болады.