Футболдан Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шыға алмады

АСТАНА. Наурыздың 19-ы. ҚазАқпарат /Ернұр Ақанбай/ - Футболдан 17 жасқа дейінгі Қазақстанның жасөспірімдер құрамасы 2009 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шыға алмады.

Испанияда өткен элиталы кезеңнің соңғы ойынында біздің команда Бельгиямен кездесіп, 0:5 есебімен ойсырай ұтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Осылайша, аталмыш кезеңнің 2-ші тобында өнер көрсеткен жасөспірім футболшыларымыз үш кездесуде де қарсыластарына есе жіберді. Айта кетейік, жерлестеріміз бірінші ойынында Чехиядан 0:3, одан кейін Испаниядан 1:2 есебімен ұтылып қалған болатын. Бұл топта бірінші орын алған қазіргі Еуропа чемпионы Испания құрамасы финалдық кезеңге жолдама алды.