НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - UEFA Конференция лигасының үшінші іріктеу сатысында қазақстандық «Шахтер» сырт алаңда Украинаның «Колос» (Ковалевка) командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бүгінгі кездесуде екі команда тарысты ойын өткізді. Бірінші кезеңнің бастапқы уақытында украиндық футболшылар негізінен шабуылға көңіл бөлді. Бірінші кезеңнің екінші жартысында қазақстандық команда гол соғатын бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды.
Екінші кезеңде де командалар гол соғуға көбірек көңіл бөлді. Бір-бірінің қақпасының маңында жиі бой көрсетті. Десе де қақпаға бағытталған соққылар көздеген нысанаға дәл жетпей жатты. Кездесуде командалар 0:0 есебімен тең тарқасты. Қарымта ойын 10 тамызда елордада өтеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын елордалық «Астана» сырт алаңда Финляндияның КуПС командасымен 1:1 есебімен тең түссе, Қостанайдың «Тобылы» елордада Словакияның «Жилина» командасына 0:1 есебімен жеңілді.
Сондай-ақ, Алматының «Қайраты» өз алаңында Арменияның «Алашкертімен» 0:0 есебімен тең ойнады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.