Футболдан Конференция лигасында «Тобыл» қарымта ойын өткізеді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысындағы Қостанайдың «Тобылы» сырт алаңда Гибралтардың «Линкольн Ред Импс» командасымен қарымта ойын өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кездесу бүгін елорда уақытымен 22:00-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.

Аталған ойында израильдік Гал Лайбувитц бас төреші қызметін атқарады. Оған отандастары Йосси Бабайоф пен Омер Барбиро көмекші болады. Қосалқы төрші де сол елдің өкілі - Шалом Бен Аврам.

Еске салсақ, Қостанайда өткен алғашқы ойынның 65-минутында «Тобыл» ойыншысы Айбар Жақсылықов гол соқса, одан кейін Серж Дебле 89-минутта есепті үстемелей түсті.Осылайша қостанайлық клуб қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.

Айта кетсек, аталған жұптың жеңімпазы үшінші іріктеу сатысында «Тирана» (Албания) және «Зриньски» (Босния и Герцеговина) жұбының жеңімпазымен кездеседі.

Сондай-ақ, екінші іріктеу сатысында қазақстандық «Астана» Польшаның «Ракув» командасынан 0:5, «Қайрат» Венгрияның «Кашвердасынан» 0:1, «Қызылжар» Хорватияның «Осиегінен» 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Аталған командалар қарымта кездесуді 28 шілде күні өткізеді.