Футболдан Конференция лигасында Тобыл жеңіп, Қайрат қарсыласына есе жіберді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Конференция лигасы екінші іріктеу сатысындағы қазақстандық командалар қатысуымен өткен тағы екі ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы кездесуде Алматының «Қайраты» өз алаңында венгриялық «Кишварда» командасын қабылдады.

Ойын барысында екі команда бір-біріне лайықты қарсылық көрсетті. Бір-біріне алма-кезек шабуыл жасады. Дегенмен мол мүмкіндіктерді пайдалана алған жоқ.

Екінші кезеңде венгриялық командадан Ясир Асани 82-минутта гол соғып кетті. Осылайша «Қайрат» қарсыласына 0:1 есебімен есе жіберді.

Тағы бір кездесуде қостанайлық «Тобылы» өз алаңында Гибралтардың «Линкольн Ред Импс» командасымен шеберлік байқасты.

Бірінші кезеңде ойын тізгіні негізінен алаң иелерінің қолында болды. Көптеген сәттерде қазақстандық клуб футболшыларында дәлдік жетіспей жатты.

Екінші кезеңнің 65-минутында «Тобыл» ойыншысы Айбар Жақсылықов қарсыластар қақпашысын қапы қалдырды.

Ал қостанайлық клубтан Серж Дебле 89-минутта есепті үстемелей түсті.

Алғашқы кездесуінде «Тобыл» қарсыласынан 2:0 есебімен басым түсті.

Енді 00:50-де қазақстандық «Астана» сырт алаңда польшалық «Ракув» командасына қарсы шығады.

Еске салсақ, бұдан бұрын «Қызылжар» хорватиялық «Осиек» командасынан 1:2 есебімен жеңіліп қалды .





Фото: sports.kz