Футболдан ҚР чемпионаты мәреге жетіп, жүлдегерлер белгілі болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты мәреге жетті.

Ел чемпионы («Астана») мен күміс жүлдегер (Алматының «Қайраты») осыған дейін белгілі болса, соңғы турда тек қола медаль иелерін анықтауға тура келді. Үшінші орыннан бірнеше команда үміткер болатын. Соның ішінде өз алаңында ел чемпионын қабылдаған Павлодардың «Ертісіне» тең ойнаса жеткілікті еді. Ал 3 қараша күні Еуропа Лигасында Грекияның «Олимпиакос» командасымен ойнайтын астаналықтар күні бұрын өз мақсатын орындағандықтан, бұл матчқа қосалқы құрамда отырған біраз футболшыларын шығарды. Сөйтіп 0:0 есебімен тең аяқталған кездесуден кейін «Ертіс» 49 ұпай жинап, қола жүлдемен бірге келесі жылы Еуропа Лигасының іріктеу сайысында ойнауға жолдама алды. «Ордабасы» Шымкентте «Ақтөбені» 2:1 есебімен ұтқанымен, 48 ұпаймен төртінші орынға ғана табан тірей алды.

Бұл турдағы аса маңызды кездесудің бірі Талдықорғанда «Жетісу» мен «Ақжайық» командалары арасында өтті. Премьер-лигадаға орнын сақтап қалу үшін қос клубқа да жеңіс ауадай қажет еді. Бұл матчта оралдықтар ширақ та жинақы ойнай білді. Бірінші таймда жарақат алып қалған сербиялық шабуылшы Мирослав Лечичтің орнына шыққан Орал футболының түлегі Руслан Валиуллин көп ұзамай, 33-минутта сол қапталдан дәл пас берді. Оны тағы бір сербиялық Предраг Говедарица баспен Эльдар Сергиенкоға бағыттады. Кезінде Қазақстан құрамасында ойнаған Э.Сергиенко ұрымтал тұста мүлт кеткен жоқ. Екінші таймда талдықорғандықтар қарымта қайтарудың орнына армениялық легионер Нарик Бегларян алаңнан қуылғаннан кейін өз қақпаларына тағы бір доп жіберіп алды. Бұл жолы Батыс Қазақстан футболының тағы бір түлегі Эдуард Абдрахмановтың пасын парагвайлық Фредди Коронель Ортиз сәтті пайдаланып, есепті 2:0-ге жеткізді. Сонымен, «Жетісу» он жылдан кейін қайтадан бірінші лигаға сырғыса, «Ақжайық» 35 ұпаймен оныншы орынға орнығып, премьер-лигадағы орнын сақтап қалды. 35 ұпай жинаса да, қосымша көрсеткіштер бойынша 11-орынды иеленген «Таразға» да премьер-лигада қалуға мүмкіндік бар. Ол үшін бірінші лигада екінші орынды иеленген Семейдің «Алтайымен» 5 қараша күні «Астана Аренада»  өтетін ойында жеңімпаз атанса, жетіп жатыр.

Айта кетейік, «Қайраттың» намысын қорғап жүрген ивуариялық шабуылшы Жерар Гоу 22 голмен чемпионаттың мерген ойыншысы атанды. «Ертістің» жартылай қорғаушысы Роман Муртазаев мергендер көшінде 18 доппен екінші, алматылықтардың капитаны Бауыржан Исламхан 17 голмен үшінші орынды иеленді.