НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің аяқталуына бір тур қалды. Дегенмен, чемпион және жүлдегерлер толық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Биыл чемпиондық атақ Алматының «Қайратына» бұйырды. Ал бүгінгі турда Қостанайдың «Тобылы» күміс, елордалық «Астана» қола медаль иегері атанды.
Бүгін «Астана» Талдықорғанның «Жетісуын» 2:1 есебімен жеңген болатын. Ал қостанайлық клуб жамбылдық «Тараз» командасынан 2:0 есебімен басым түсті.
Осылайша қостанайлық команда 38 ұпай жинап, Премьер-лиганың аяқталуына бір тур қалғанда «Астанадан» бес ұпайға ұзап кетті.
Еске салсақ, «Тобыл» бұдан бұрын 2003, 2005, 2007, 2008 жылдарда күміс жүлдеге қол созды. Ал 2010 жылы Қазақстан чемпионы атанса, 2002, 2004, 2006, 2018 жылдарда үшінші орын алды.
Сондай-ақ, бүгін Қарағандының «Шахтері» Ақтаудың «Каспийін» 4:0, Петропавлдың «Қызылжары» Қызылорданың «Қайсарын» 2:1 есебімен жеңді. Аталған турдағы «Қайрат» пен «Оқжетпес» командалары алдын ала 11 наурызда кездесіп, алматылықтар 5:0 есебімен басым түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.