АСТАНА. KAZINFORM — Футболдан Беларусь құрамасының жартылай қорғаушысы Валерий Громыко енді алматылық «Қайрат» клубының намысын қорғайды.
Валерий Громыко биыл сәуір айынан бастап қызылордалық «Қайсар» сапында ойын көрсетті. Команда сапында 11 кездесуде 5 гол соғып, Премьер-лиганың 2024 жылғы маусымындағы сұрмергендер тізімінде көш бастап шықты.
Беларусь футболшысы спорттық мансабын 2015 жылы «Минск» футбол клубында бастады. Одан кейін сол елдегі «Шахтёр» (Солигорск), БАТЭ, Ресейдің «Арсенал» (Тула), «Торпедо» (Мәскеу) клубтарында ойнаған. Өз елінде чемпион, күміс және қола жүлдегері болған. Кубок және суперкубогының иегері атанды.
Валерий Громыко Беларусь құрамасының ойыншысы. Ұлттық құрама сапында 19 ойын өткізіп, 1 гол соғып, 1 нәтижелі пас берді.
Келісім-шарт 2025 жылғы маусымның соңына дейін жасалған.
Еске салсақ, бүгін футболдан Америка кубогының ¼ финалдық кезеңі басталады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.