Футболдан Түркия суперлигасында Абат Айымбетов пен Бактиёр Зайнутдинов командалары өзара кездесті
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстандық футболшылар Бактиёр Зайнутдинов пен Абат Айымбетов ойын көрсететін «Бешикташ» және «Адана Демирспор» командалары бүгін Түркия суперлигасы 16-турында өзара кездесті.
Кездесу барысында Абат Айымбетов «Адана Демирспор» сапында алғашқы минуттан жасыл алаңға шықты. Ол бірінші кезеңде өзін жақсы қырынан таныта білді. Нәтижесінде Абат ойынның 39-минутында мергендігімен көзге түсті. Бұл — қазақстандық шабуылшының екі ойын қатарынан соққан голы. Абат өткен турда өз командасының «Гёзтепемен» кездесуінде де мүмкіндігін мүлт жіберген жоқ еді.
Сондай-ақ одан басқа «Адана Демирспор» сапында тағы бір голды Юсуф Бараси 31-минутта өз еншісіне жазды.
Екінші кезеңде «Бешикташ» Бактиёр Зайнутдиновты 46-минутта ойынға қосты. Жартылай қорғаушы команданың шабуыл шебінде күшейтуге көңіл бөлді. Оның командалас әріптесі Али Мусрати 72-минутында есеп айырмасын қысқартты.
Кездесу барысында «Адана Демирспор» қарсыласынан 2:1 есебімен басым түсті. Нәтижесінде аталған ұжым біріншіліктегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Қазір олар турнир кестесінде 5 ұпаймен он тоғызыншы орында тұр. Ал «Бешикташ» 25 ұпаймен алтыншы орында келеді.
Айта кетсек, Бактиёр Зайнутдинов 2023 жылдың тамыз айынан бері «Бешикташ», Абат Айымбетов биылғы жылдан «Адана Демирспор» намысын қорғап келеді.
Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан әлем чемпионатындағы Қазақстан құрамасының іріктеу кезеңіндегі қарсыластары анықталды