Футболдан UEFA Ұлттар лигасында Әзербайжан алғаш рет жеңіске жетті

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Ұлттар лигасында Қазақстан құрамасы сынға түсетін топтағы тағы бір ойынның нәтижесі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

С лигасы үшінші тобындағы тағы бір кездесуде Әзербайжан мен Беларусь шеберлік байқасты.

Екі құрама аталған турнирді сәтсіз өткізіп келеді. Үш турдан кейін үшінші және төртінші орындарды өзара бөлісіп тұрған еді. Екеуі де әзірге жеңіске жете алмай жүрген болатын.

Бүгінгі ойында қос құраманың да жеңіске жету мүмкіндігі жоғары болды. Бір-бірінің қақпасы маңында жиі шабуыл ұйымдастырды. Бірінші кезеңде қақпа құлпы ашылған жоқ.

Ойынның екінші кезеңінде әзербайжандық футболшылар қарсылас құрама қақпасы маңында жиі бой көрсетті. Нәтижесінде 76-минутта Махир Эмрели мергендік танытса, 90-минутта Рамиль Шейдаев ойынның нүктесін қойды.

Осылайша Әзербайжан қаосыласынан 2:0 есебімен басым түсті.

Еске салсақ, бүгін аталған топта Қазақстан құрамасы өз алаңында Словакияны сүріндірді.

Одан бұрын қазақстандық футболшылар Әзербайжанды 2:0, Словакияны 1:0 есебімен тізе бүктірсе, Беларусьпен 1:1 есебімен тең түсті.