Қазақстан құрамасы сапында алғашқы минуттан Шацкий, Сүйімбаев, Әліп, Малый, Марочкин, Быстров, Нәрзілдаев, Тағыберген, Васильев, Зайнутдинов, Щеткин шықты.
Бүгінгі кездесуді қос құрама белсенді бастады. Алғашқы минутта-ақ қазақстандықтар тарапынан гол соғатын бірнеше мүмкіндік болған еді. Уақыт өте келе молдовалық футболшылардың белсенділігі арта түсті. Нәтижесінде олардың қатарынан Ион Николаеску 45-минутта мергендік танытты.
Екінші кезеңде екі құрама алға қарай ұмтылды. Қазақстандық футболшылар таразы басын теңестіруге күш салса, молдовалықтар басымдықты арттыра түсуге назар аударды. Нәтижесінде қазақстандық Сергей Малый 63-минутта гол соқса, 79-минутта алаң иелері сапынан Вячеслав Посмак өзінің қақпасына гол соғып алды.
Екі құрама жарыстың аталған сатысында 29 наурызда тағы бір мәрте кездеседі. Жеңімпаз құрама алдағы кезеңде С лигасындағы орнын сақтап қалса, жеңілгені Д лигасында сынға түседі.