НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Ұлттар лигасы өтпелі сатысының қарымта ойынындағы Қазақстан-Молдова кездесуіне төрешілер құрамы белгіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған ойын 29 наурызда елордадағы «Астана Арена» стадионында өткізіледі.
Онда словакиялық Иван Кружляк бас төреші қызметін атқарады. Ол бұған дейін халықаралық 89 ойында қазылық жасады. Оған отандастары – Бранислав Ханчко мен Ян Позор көмекшілік жасайды. Қосалқы төреші – словакиялық Филип Глова.
Ал VAR-жүйесі бойынша италиялық Паоло Валери мен Даниэле Довери қызмет жасайды.
Еске салсақ, алғашқы ойында Қазақстан құрамасы сырт алаңда Молдованы 2:1 есебімен тізе бүктірген еді.
Екі ойынның нәтижесімен жеңімпаз құрама алдағы кезеңде С лигасындағы орнын сақтап қалса, жеңілгені Д лигасында сынға түседі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.