НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA Ұлттар лигасында алғашқы турдың екінші ойын күні өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл күнгі басты кездесу ретінде Бельгия және Нидерланды құрамасы ойынан атап өтуге негіз бар. Құрамалар А лигасы төртінші тобында сынға түседі.
Айта кетерлігі, кездесу барысында нидерландылық футболшылар жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде, олар қарсыласын 4:1 есебімен тізе бүктірді.
Аталған топтағы тағы бір кездесуде Польша Уэльсті 2:1 есебімен сүріндірді.
Ал, А лигасының бірінші тобында өз алаңында Хорватия Австрияға 0:3, Франция Данияға 1:2 есебімен жол берді.
Сондай-ақ, С лигасы үшінші тобында Словакия сырт алаңда Беларусьті 1:0 есебімен тізе бүктірді. Бұл топта Қазақстан өз алаңында Әзербайжаннан 2:0 есебімен басым түсті.
Д лигасында Молдова Лихтенштейнді 2:0 есебімен жеңді.
Еске салсақ, 2 маусымда Ұлттар лигасында алғашқы тур ойындары өтті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.