НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ұлттар лигасының С дивизионында Әзербайжан Бакуде Словакия командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Осының алдында өз алаңында Қазақстанға 0:1 есебімен есе жіберген Словакия командасының құрамы әжептәуір жаңарды.
Матч тағдырын жалғыз гол шешті. 81-минутта Владимир Вайсс тоғыздықты дәл көздеді. Бұдан кейін словактар тағы бір допты қақпаға енгізгенімен, футболшы ойыннан тыс қалғандықтан, гол есептелмеді.
Осылайша, Словакия 1:0 есебімен жеңіске жетіп, үш матчтан кейін 6 ұпай жинады. Қазақстан құрамасының қоржынында екі ойыннан соң алты ұпай бар.
Ресейлік маман Магомед Адиевтің шәкірттері 11 маусымға қараған түні Сербияда Беларусь құрамасымен жасыл алаңға шығады.
Еске сала кетейік, футболдан UEFA Ұлттар лигасында Португалияның көш бастағанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).