АСТАНА. ҚазАқпарат - Мәскеу қаласында футзалдан өткен Еременко кубогының финалында Алматының «Қайраты» Новосібірдің «Сибиряк» командасын 4:3 есебімен жеңді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Қазспорт» телеарнасынан тікелей эфирде көрсеткеніндей, алдымен алматылықтар (Дуглас Нуньес) 7-минутта есеп ашты. Бір минуттан кейін Дуглас есепті 2:0-ге жеткізді. Алайда ойын барысында «Сибиряк» таразы басын теңестіріп қана қоймай, 3:2 есебімен алға шыға білді. Дегенмен 43-минутта «Қайраттан» Диваней есепті қайта теңестірді. Содан кейін Михаил Першин 10 метрлік айып добын дәл соға білді. Бұдан кейін новосібірліктер қақпашысын ойыншыға ауыстырып, алға ұмтылғанымен, ештеңе істей алмады. Бұл жерде «Қайраттың» қақпашысы Игитаның да сәтті ойнап, бірнеше рет қауіпті соққыны қайтарғанын айта кету керек.
Сөйтіп Какау жаттықтыратын «Қайрат» төртінші рет өткізіліп отырған Еременко кубогын үшінші мәрте ұтып алды. Бұған дейін алматылықтар 2014, 2016 жылдары жеңімпаз атанса, 2015 жылы үшінші орынды иеленген еді.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).