Футзал: «Қайрат» Чемпиондар лигасының финалына шықты
Бұрын аталмыш турнир УЕФА кубогы аталып келген еді. Ол биылдан бастап УЕФА Чемпиондар лигасы деген атауға ие болды.
Аталмыш кездесуде «Қайрат» сапынан 22 және 27-минутта Хоссейн Тайеби гол соқты. Ал 38-минутта алматылық клубтың ойыншысы Джон Ленно есепті үстемелей түсті. Ал 39-минутта «Барселона» сапынан Лосано есеп айырмасын қысқартқан еді. Ал ойынның бітуіне 54-секунд қалғанда қайраттық Эдсон мергендік танытты. Ойынның нүктесі санаулы секунд қалғанда қойылды. Онда «Қайрат» ойыншысы Дуглас шеберлік көрсетті. Осылайша алматылық клуб қарсыласын 5:2 есебімен жеңді.
Естеріңізге сала кетелік, «Қайрат» екі мәрте аталмыш турнирдің жеңімпазы атанған еді. Біздің команда 2012/2013 жылғы маусымда Алматыда Ресейдің «Динамо» (Мәскеу) клубын 4:3 есебімен жеңсе, 2014/2015 жылғы маусымда Португалия астанасы - Лиссабонда бүгінгі қарсыласы - «Барселонадан» 3:2 есебімен басым түсті.
Бүгін аталмыш турнирдің жартылай финалында тағы бір кездесу өткізілді. Португалияның «Спортинг» клубы Испанияның «Интер Мовистар» клубын 5:3 есебімен жеңді.
Енді 28 сәуірде финал және 3-орын үшін ойындар өтеді. Финалда «Қайрат» пен «Спортинг», 3-орын үшін «Барселона» мен «Интер Мовистар» кездеседі.