НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтандағы «Сайран-Арена» спорт кешенінде Алматының «Қайраты» мен Талдықорғанның «Жетісу» командалары ел кубогы үшін сынға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Финалға қос команда да тастүйін дайындықпен шығып, барын салды.
Бірінші таймда алматылықтар екі мәрте «Жетісу» клубының қақпасын дәл көздеді. Алдымен әдемі комбинациядан кейін Тайеби есеп ашса, көп ұзамай команда капитаны Дәурен Нұрғожинге бос қалған қақпаға гол салу қиын болған жоқ.
Ойынның екінші кезеңінде «Қайраттан» Диего мергендік танытса, «Жетісу» сапындағы Эвертон мен Тимур Балтабаев есепті қысқарта алды. Бірақ Біржан Оразов қайтадан екі доп айырмашылығына жеткізді – 4:2. Бұдан кейін Эвертон тағы бір голдың авторы атанғанымен, талдықорғандықтардың одан әріге шамасы жетпеді.
Осылайша 4:3 есебімен жеңіске жеткен алматылықтар Қазақстан кубогының иегері атанды. Кака шәкірттері жартылай финалда ел кубогын өткен жылы жеңіп алған «Ақтөбе» командасын да тізе бүктірген болатын.
Дәурен Нұрғожин финалдық матчтың үздік ойыншысы атанды.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).