АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматылық «Қайрат» футзал клубы халықаралық «Mucho Mas» жолдастық турнирінің жартылай финалында Испанияның «Барселона» командасына есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Халықаралық турнир 19 - 20 тамыз күндері Испанияның Вальдепенья қаласында өтеді. Турнир «Төртіктің финалы» форматында болады.
Бұл - қазақстандық клубтың испаниялық маман Марлон Веласко жетекшілігімен қатысып жатқан алғашқы турнирі. Оған қазақстандық клубтан өзге сол елдің «Вальдепеньяс», «Пальма» және «Барселона» командалары қатысады.
Жартылай финалда «Қайрат» Еуропадағы тәжірибелі клубтардың бірі «Барселонаға» 1:6 есебімен есе жіберді.
Енді олар 20 тамызда 3-орын үшін сайыста «Вальдепеньяс» - «Пальма» жұбының жеңілген клубымен кездеседі.
Сондай-ақ қазақстандық клуб 23 тамызда Португалияда басталатын «International Masters Cup» турниріне қатысады. Қарсыластары - сол елдің «Спортинг», «Бенфика» және «Брага» командалары.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.