АСТАНА. ҚазАқпарат - Футзалдан 2016 жылғы әлем чемпионатына берілер жолдама үшін бірінші ойында Қазақстан құрамасы Польшамен тең ойнады.
Тікелей спорттық көрсетілім арқылы мәлім болғанындай, 4-минутта Леоның пасынан кейін қазақстандық Серік Жаманқұлов есеп ашты. Алма-кезек шабуылмен өрбіген матч барысында осы есеп көпке дейін өзгерген жоқ. Екі команда да біраз мүмкіндікті мүлт жіберді. Дегенмен ойын бітуге 27 секунд қалғанда, алаң иелері таразы басын теңестіріп кетті. Енді барлық мәселе 12 сәуір күні Алматыда өтетін қарымта кездесуде шешіледі.
Айта кетейік, әлем чемпионатының финалдық кезеңі 10 қыркүйек - 2 қазан аралығында Колумбияда өтеді. Оған үздік 24 команда қатысады. Биыл футзалдан Еуропа чемпионатына тұңғыш рет қатысқан Қазақстан құрамасы бірден қола жүлдегер атанғаны белгілі.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).