НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан құрамасы мен Алматының «Қайрат» командасының қақпашысы Игита (толық аты-жөні Леонардо де Мело Виейра Лейте) әлемнің үздік қақпашысы атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Қазақстан футбол федерациясына сілтеме жасап.
«Futsal Planet Awards» тұрақты түрде әлемдік футзалдағы үздіктерді анықтайды. Биыл бұл шараға барлығы 244 респондент қатысты. Қазақстандық қақпашы 693 балл жинады. Ол испандық «Барселона» қақпашысы Хуана Хосе Ангосто Эрнандес «Хуанхо» мен Португалияның «Спортинг» клубының бразилиялық қақпашысы Тиаго Мендеса Рочуды артта қалдырды.
Естеріңізге сала кетелік, қазақстандық футзалшы бұл атаққа төртінше мәрте қол жеткізіп отыр. Ол бұған дейін 2015, 2016 және 2018 жылдары сондай сенімге ие болды.
Ал футзалдан Қазақстан құрамасы мен Алматының «Қайрат» командасының бас бапкері Кака (Пауло Рикардо Фигуэра Силва) әріптестері арасында үздік үштікке ілікті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.