НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан биыл Литвада өтуі жоспарланған әлем чемпионаты 2021 жылға шегерілді. FIFA кеңесі коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу мақсатында осындай шешім қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі аталған ұйымның сайтына сілтеме жасап.
Әлем чемпионаты енді 2021 жылдың 12 қыркүйегі мен 3 қазаны аралығында өткізілетін болып шешілді. Негізінде оны биыл 12 қыркүйек пен 4 қазан аралығында өткізу жоспарланған болатын.
Естеріңізге сала кетелік, дүбірлі додада Қазақстан құрамасы да бақ сынайды. Онда барлығы 24 құрама сынға түседі.
Қазақстандық футзалшылар бұған дейін әлем чемпионаты финал кезеңінде 2000 және 2016 жылдарда бақ сынады. 2016 жылы 1/8 финалға дейін жетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.