Футзалдан ӘЧ: Қазақстан алғашқы ойынын өткізді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футзалдан Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты элиталық кезеңінде алғашқы ойынын Румынияға қарсы өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, 2-5 ақпан аралығында D тобында Румыния, Словения және Чехия құрамаларымен сынға түседі. Бүгін алғашқы тур ойындары өткізілді.

Қазақстан құрамасы жарыстың негізгі іріктеу кезеңінде де Румыниямен кездесті. Онда қазақстандық футзалшылар 4:2 есебімен жеңіске жетті.

Румыния бүгінгі күнге дейін әлем чемпионатының финалдық кезеңінде ойын көрсетіп көрген емес. Есесіне Еуропа чемпионатында үш мәрте бақ сынап үлгерді. Алғаш 2007 жылы құрлықтық додаға қатысқан олар топтық кезеңнен әріге аса алған жоқ. Одан кейін 2012, 2014 жылдарда ширек финалға дейін жетті.

Бүгінгі кездесуде ойын басынан қазақстандық футзалшылар тізгінді қолға алуға тырысты. Алғашқы кезеңнің өне бойында Қазақстан құрамасы шабуыл шебінде бой көрсетті. Десе де румындар бір ғана қателікті шебер пайдаланып, 2-минутта алға шықты. Оны Думитру Стойка өзінің еншісіне жазды. Ал 32-минутта румыниялық Савио Вальдарес екінші гол соқты. Ал 33-минутта румын қақпашысы Тони Тонита қазақстандық құраманың бос қалған қақпасын дәл көздеді. Ойынның 38-минутында қазақстандық қақпашы Игита мергендігімен көзге түсті.

Алғашқы ойында Қазақстан құрамасы күптеген жерден қарсыласынан 1:3 есебімен жеңіліп қалды.

Бүгін аталмыш топта тағы бір ойын өтті. Алаң иелері - Чехия құрамасы Словениядан 3:1 есебімен басым түсті.

Қазақстан құрамасы енді 3 ақпанда Словениямен кездеседі.